2025 жылдың 10 маусымында онлайн форматта техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру мәселелері жөніндегі Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің отырысы өтті.
Отырыс жұмысына Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің мүшелері қатысты: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ҚР Туризм және спорт министрлігінің, ҚР Қорғаныс министрлігінің, «ЕРДО» АҚ, «Атамекен» ҰКП өкілдері, сондай-ақ облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың техникалық және кәсіптік білім беру бөлімдерінің басшылары және колледждердің директорлар кеңесінің төрағалары, оқу-әдістемелік бірлестіктердің төрағалары, өңірлердің әдістемелік кабинеттерінің (орталықтарының) өкілдері, «Talap» КЕАҚ қызметкерлері.
Отырыс аясында техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білімге қатысты өзекті мәселелер қаралды. Атап айтқанда, осы салада қабылданған нормативтік-құқықтық актілер, дуальды оқытуды дамыту, бизнес-құрылымдармен өзара әрекетті күшейтуге және ТжКБ ұйымдарына инвесторларды тартуға назар аудара отырып, серіктестік пен қамқорлықты дамыту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, жалпы білім беретін пәндер модулінің үлгілік оқу бағдарламаларын өзектендіру және әзірлеу, WorldSkills Kazakhstan өңірлік чемпионаттарын ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беру мекемелері базасында «шағын кәсіпорындардың» жұмысы бойынша әдістемелік ұсынымдар ұсынылды.
Біліктілік санатын алуға әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) басшылары, әдіскерлері, ТжКБ ұйымдарының басшылары мен орынбасарлары, педагогтері әзірлеген авторлық бағдарламалар мен оқу-әдістемелік материалдар бекітілді.
0 Comments