Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ағымдағы жылдың 24 маусымында Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы мен білім басқармасы әлеуметтік серіктес – кәсіпорын басшылары мен колледж директорларының қатысуымен «Шығыс Қазақстан облысындағы дуальды оқытудың нәтижелері мен келешегі» тақырыбында дөңгелек үстел басындағы кездесу өткізді.
Іс-шараның мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында дуальды оқыту жүйесін дамыту, оның тиімділігін бағалау, сондай-ақ жұмыс берушілермен ынтымақтастықты нығайту арқылы бәсекеге қабілетті кадрлар даярлаудың сапасын арттыру.
Шара барысында қатысушылар дуальды оқытудың аймақтық тәжірибесімен бөлісіп, жүйенің қазіргі жағдайы мен даму болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтарын насихаттау және жастардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру мәселелері де қарастырылды.
Сонымен қатар, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жариялаған «Кәсіби маман» республикалық байқауының бірінші кезеңінің қорытындысы шығарылып, «Жұмысшы кадрларды даярлау жөніндегі үздік колледж» номинациясы бойынша Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі жеңімпаз атанды.
Колледж ұжымын құттықтай отырып, аталған байқаудың Республикалық кезеңінде жеңіске жетулеріне тілектеспіз!
0 Comments