"Talap"
Создание эффективных систем ТиПО

  1. Жалпы ережелер

1.1. Осы Шарттар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – Колледж) педагогтерді жасанды интеллектіні қолдануға оқыту науқанына (бұдан әрі – науқан) қатысу тәртібін және цифрлық зертханаларды алатын Колледждерді айқындау тәртібін белгілейді.

1.2. Науқанды «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – «Talap» КеАҚ) «Педагогика 360» ЖШС әлеуметтік әріптесімен бірлесіп өткізеді.

1.3. Колледж педагогтерін оқыту «Білім беру процесіндегі жасанды интеллект құралдары: оқыту тиімділігін арттыру» біліктілікті арттыру курсының білім беру бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бойынша онлайн форматта тегін өткізіледі.

1.4. Науқан қорытындысы бойынша әлеуметтік әріптес ұсынатын әрқайсысы 15 компьютерден тұратын бір-бір цифрлық зертхана бес (5) колледжге беріледі.

 

  1. Қатысу шарттары

2.1. Науқанға Қазақстан Республикасының кез келген колледжі қатыса алады. Қатысу тегін.

2.2. Колледж төмендегі шарттар орындалған жағдайда науқанға қатысушы болып танылады:

  • колледж тарапынан үйлестіруші тағайындалған;
  • «Talap» КеАҚ-қа осы Шарттарға қосымшада белгіленген нысан бойынша колледж туралы мәліметтер жіберілген;
  • колледждің педагогикалық қызметкерлерінің жалпы санының кемінде 70%-ы оқуды аяқтап, сертификат алған.

2.3. 2.2-тармақтағы шарттарды белгіленген мерзімде орындамаған колледж цифрлық зертхана алу үшін іріктеуге қатыстырылмайды.

 

  1. Қатысу тәртібі

3.1. Колледж:

  • 2026 жылғы 5 қарашаға дейін үйлестірушіні тағайындайды және мәліметтерді info@talap.edu.kz электрондық поштасына «Talap» КеАҚ-қа жібереді;
  • басшы мен үйлестірушінің 2026 жылғы 3 қарашада сағат 15:00-де өтетін онлайн-вебинарға қатысуын қамтамасыз етеді;
  • педагогтерге ақпарат жеткізеді және олардың 2026 жылғы 5 қараша мен 14 желтоқсан аралығында оқуға тіркелуін ұйымдастырады;
  • педагогтердің оқудан өтуіне қажетті жағдайлар жасайды (уақыт бөлу, компьютер мен Интернет желісіне қолжетімділік);
  • педагогтердің оқуды 2026 жылғы 14 желтоқсанға дейін аяқтауын қамтамасыз етеді.

 

3.2. Колледж үйлестірушісі:

  • педагогтерге тіркелу және оқу курсынан өту мәселелері бойынша кеңес береді;
  • колледж педагогтерінің оқу курсынан өтуін бақылайды;
  • «Talap» КеАҚ-пен өзара іс-қимыл жасайды және сұрау салу бойынша мәліметтер ұсынады.

 

  1. Цифрлық зертханаларды алатын колледждерді айқындау критерийлері

 

4.1. Бағдарлама бойынша оқуды аяқтап, сертификат алған педагогтердің колледждегі педагогтердің жалпы санына шаққандағы үлесі ең жоғары бес колледж цифрлық зертханалар алады.

4.2. Көрсеткіш мына формула бойынша есептеледі:

Ү = А / Ж,

мұндағы А – оқуды аяқтап, сертификат алған колледж педагогтерінің саны;

Ж – осы Шарттарға қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылған мәліметтердегі колледждің педагогикалық қызметкерлерінің жалпы саны.

4.3. Іріктеуге жіберу шарты: колледж педагогтерінің жалпы санының кемінде 70%-ы оқуды аяқтап, сертификат алуы тиіс (Ү кемінде 0,70). Осы шартты орындамаған колледждер рейтингке қатыстырылмайды.

4.4. Есептеу мысалы: колледжде 80 педагог бар (Ж = 80), оның 60-ы оқуды аяқтады (А = 60). Ү = 60 / 80 = 0,75. Іріктеуге жіберу шарты орындалды (0,75 ≥ 0,70). Егер оқуды 50 педагог аяқтаса, Ү = 0,63 болады және колледж іріктеуге жіберілмейді.

4.5. Ү мәні жүздік үлеске дейін дөңгелектенеді. Көрсеткіштер тең болған жағдайда инновациялық жұмыстар конкурсының финалистер саны көп колледжге басымдық беріледі.

4.6. А мәні оқыту платформасының 2026 жылғы 14 желтоқсандағы деректері бойынша айқындалады; Ж мәні колледждің 2026 жылғы 3 қарашадағы мәліметтері бойынша (Ұлттық білім беру деректер қорының (ҰБДҚ) деректерін ескере отырып) айқындалады.

4.7. Дәйексіз мәліметтер ұсынылған жағдайда колледж іріктеуден шығарылады.

 

  1. Цифрлық зертхана алатын колледждің міндеттемелері

5.1. Цифрлық зертхана алатын колледж:

1) зертхананы орналастыруға арналған үй-жайды дайындайды;

2) жабдықты қабылдау-тапсыру актісі бойынша қабылдайды;

3) зертхананы білім беру процесінде, оның ішінде педагогтер мен студенттерді жасанды интеллектіні қолдануға оқыту үшін пайдаланады.

 

  1. Қорытынды шығару

6.1. Цифрлық зертханалар алатын 5 колледждің тізімі «Talap» КеАҚ-тың ресми сайтында 2026 жылғы 30 желтоқсанға дейін жарияланады.

6.2. Рейтингтің алғашқы 20 орнын иеленген колледждер «Talap» КеАҚ-тың алғыс хаттарымен марапатталады.

6.3. Қатысу мәселелері бойынша мына мекенжайға хабарласу қажет: «Talap» КеАҚ, Астана қаласы, Достық көшесі, 20, 8 717 257 51 36 (қалалық), 8 702 643 11 14 (ұялы телефон), Педагогтерді дамыту басқармасының бас тренері – Тлеубергенова Акнур Жумагатовна.

 

 

 

 

1-кесте. Колледждер рейтингіне қатысу үшін ТжКОБ ұйымы туралы мәліметтер

№ ТжКОБ ұйымының атауы Өңір 2026 жылғы 03.11-дегі педагогтер саны, адам Үйлестірушінің Т.А.Ә. және лауазымы Үйлестірушінің телефоны, электрондық поштасы
1          

 

ТжКОБ ұйымының басшысы _______________ / _______________ /

қолы                                      Т.А.Ә.

М.О.

 

 

Комментарии

0 Comments

Submit a Comment

Your email address will not be published. Required fields are marked *