
Астана қаласында жас педагогтердің «Педагогикалық пульс: Жас педагог дауысы» атты ІІ республикалық форумы өз жұмысын бастады. 29–30 сәуір күндеріне жоспарланған ауқымды шара елімізде жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өтіп, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылайтын маңызды алаңға айналып отыр.
Биылғы форум «AI–ПЕДАГОГ 2026: білім беруде жасанды интеллектті интеграциялау» тақырыбына арналды. Бұл бастама жас педагогтердің жаңа технологияларды меңгеруіне, оларды оқу процесіне тиімді енгізуіне және кәсіби дамуына бағытталды.
Іс-шараның басты мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі жас мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, олардың мотивациясын күшейту және цифрлық трансформация жағдайында бәсекеге қабілеттілігін нығайту.
Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, салалық ұйымдар мен жетекші IT-компаниялар, халықаралық сарапшылар, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас педагогтер мен студенттер қатысуда. Бұл алаң түрлі буын өкілдерін біріктіріп, білім беру жүйесінің болашағын бірге қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бағдарлама аясында қатысушыларды мазмұнды әрі тәжірибеге бағытталған сессиялар күтуде. Атап айтқанда, жасанды интеллектті білім беру процесінде қолданудың практикалық кейстері ұсынылып, халықаралық және отандық сарапшылардың қатысуымен мастер-класстар өткізіледі. Сонымен қатар soft skills, креативті ойлау және көшбасшылық қабілеттерді дамытуға арналған тренингтер ұйымдастырылады.


0 Comments