29 қыркүйекте Пекин маңындағы Чанпин кәсіптік мектебінде Кәсіптік білім беруді инновациялық дамытудың Қытай-Қазақстан альянсын құруға арналған конференция және екі елдің өнеркәсіп пен білім интеграциясын дамыту форумы өтті.
Альянс құру туралы меморандумға осы жылдың көктемінде Теміртау жоғары политехникалық колледжі мен Пекиндегі Чанпин кәсіптік мектебі арасында қол қойылған болатын. Бүгінде Альянс құрамына Қазақстанның тағы 16 колледжі кіріп отыр.
Іс-шараға Қазақстан мен Қытайдың білім беру органдарының, колледждер мен кәсіптік оқу орындарының, сондай-ақ салалық кәсіпорындардың 100-ден астам өкілі қатысты.
Тараптар кәсіптік білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, озық технологияларды енгізу, тәжірибе алмасу және еңбек нарығына қажетті білікті мамандарды бірлесіп даярлау бағыттарын талқылады.
Форум барысында екі елдің білім беру ұйымдары оқу бағдарламалары мен мамандықтарды әзірлеу тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар Lenovo, BYD және Huibo Robotics компанияларының өкілдері кәсіпорындар мен оқу орындары арасындағы өзара іс-қимылды дамыту жолдарын таныстырды.
Қытай-Қазақстан альянсы білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтіп, бірлескен жобаларды іске асыруға, педагогтер мен студенттердің тәжірибе алмасуына және ТжКБ жүйесіне инновациялық шешімдерді енгізуге жаңа мүмкіндіктер береді.
Қатысушылар Альянс Қазақстан мен Қытай арасындағы кәсіптік білім беру саласындағы ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға және екі елдің экономикалық байланыстарын нығайтуға ықпал ететін тиімді алаңға айналатынын атап өтті.
Дереккөз: «Современное образование» республикалық ақпараттық-талдау журналы, bilim.expert.




0 Comments