Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлап келеді. Соның бір дәлелі – ASTANA POLYTECHNIC Жоғары колледжінің студенті Рамазан Нұрланның WorldSkills халықаралық жарысында «Мехатроника» құзыреттілігі бойынша алтын медаль иеленуі.
Австралияда өткен жарыста Рамазан Нұрлан «Best of Nation» арнайы сыйлығына да ие болды. Кейін Шанхайдағы жарыста «Medal for Excellence» марапатын алды.
WorldSkills – кәсіби шеберлікті дамытудың мүмкіндігі
Рамазанның айтуынша, WorldSkills қозғалысына қатысу оның кәсіби дамуына үлкен серпін берген.
– Алғашында халықаралық жарыстарға қатысамын деп ойлаған жоқпын. Бәрі екінші курста «Мехатроника» құзыреттілігі бойынша колледж командасына іріктеуден өтуден басталды. Кейін қалалық және республикалық чемпионаттарға қатысып, тәжірибе жинадым. Қазақстан атынан халықаралық жарысқа шығу – үлкен жауапкершілік болды, – дейді Рамазан.
Австралиядағы жарыста қатысушыларға нақты өндірістік жағдайларға жақын күрделі тапсырмалар берілді. Жарыс барысында уақытты тиімді пайдалану, жүйедегі ақауларды жылдам анықтау және техникалық шешімдерді дәл орындау маңызды болды.
Рамазанның дайындығына оның тәлімгері, ASTANA POLYTECHNIC Жоғары колледжі директорының ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары, «Мехатроника» құзыреттілігі бойынша халықаралық сарапшы және ұлттық құраманың жаттықтырушысы Самир Керимов үлкен үлес қосты.
– Біз жарысқа барынша жақын жағдайларда дайындалдық: уақыт шектеуін қойып, қателерді талдадық, күтпеген жағдайларда шешім қабылдауды үйрендік. Жеңіс – тек менің емес, тәлімгерімнің, командамның және колледждің бірлескен еңбегінің нәтижесі, – дейді чемпион.
Мехатроника – бірнеше саланы біріктіретін мамандық
Жас маман мехатрониканы механика, электроника, бағдарламалау және автоматтандыру тоғысатын сала ретінде сипаттайды.
«Мехатроникада механикалық бөлікті де, электрониканы да, басқару жүйелері мен бағдарламалауды да түсіну қажет. Автоматтандыру өндіріс, көлік, медицина, энергетика сияқты көптеген салаларға еніп жатқандықтан, бұл мамандарға сұраныс арта береді».
ASTANA POLYTECHNIC колледжінде студенттер заманауи жабдықтармен жабдықталған мехатроника зертханасында тәжірибелік дайындықтан өтеді. Мұнда пневматика, электроника, датчиктер, атқарушы механизмдер, бағдарламалау және автоматтандырылған жүйелерді басқару бойынша практикалық дағдылар қалыптастырылады.
Рамазанның айтуынша, колледждегі практикалық дайындық халықаралық жарыста үлкен артықшылық берген.
– Австралиядағы жарыс деңгейі жоғары болғанымен, колледжде жұмыс істеген жабдықтар мен технологиялар маған таныс болды. Бұл өз күшіме сенімді болуға көмектесті, – дейді ол.
Кәсіби жолын өндірісте жалғастырғысы келеді
Қазір Рамазан Шанхайдағы WorldSkills әлем чемпионатына дайындықпен қатар, болашақ кәсіби бағытын жоспарлап жүр. Ол автоматтандыру және роботтандырылған жүйелер саласында жұмыс істеп, кейін университетте білімін жалғастыруды көздейді.
Жас чемпион мектеп оқушыларына да өз кеңесін берді:
«Өз мүмкіндігіңді алдын ала шектеме. Бәрі бір қадамнан басталады. Байқауға қатысып көр, қателесуден қорықпа, қайтадан тырыс. Колледж мүмкіндік береді, ал нәтиже сол мүмкіндікті қаншалықты пайдаланатыныңа байланысты».
Рамазанның жетістігі техникалық мамандықтарды меңгеріп, кәсіби шеберлікті халықаралық деңгейде көрсетуге болатынын тағы бір мәрте дәлелдейді.
Дереккөз: Bilim.expert




0 Comments