
Астана, 2025 жылғы 20 желтоқсан.
«Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесінде жасанды интеллект құралдарын қолдануға бағытталған республикалық ауқымдағы жаңа бағдарламаны іске қосты.
Бағдарлама аясында Астана қаласында «Білім беру үдерісіндегі жасанды интеллект құралдары: оқыту тиімділігін арттыру» тақырыбында тегін біліктілікті арттыру курстарының ресми ашылуы өтті. Жоба «Talap» КЕАҚ бастамасымен «Kausar» компаниясымен әріптестікте және SF Shaurma Food (SF) компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Бағдарлама IT саласының маманы болып табылмайтын колледж оқытушыларына арналған және Астана қаласын, Ақмола және Қарағанды облыстарын қамтиды. Негізгі мақсат — педагогтердің цифрлық және технологиялық құзыреттерін дамыту, сондай-ақ жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісінде тиімді қолдану дағдыларын қалыптастыру.
Оқу гибридті форматта ұйымдастырылып, 10 аптаға жалғасады. Білім беру процесі заманауи виртуалды платформалар негізінде жүргізіледі, бұл қатысушыларға теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, икемді форматта білім алуға мүмкіндік береді.
Бағдарламаның басты ерекшелігі — тәжірибеге бағытталған тәсіл. Оқу барысында қатысушылар әлемнің жетекші университеттерінде білім алған мамандардың дәрістерін тыңдап, ірі халықаралық технологиялық компаниялар өкілдерімен тәжірибе алмасады. Қорытынды кезеңде білім беру мен бизнес саласында қолдануға болатын жасанды интеллектке негізделген жобаларды әзірлеуге бағытталған Hackathon Battle ұйымдастырылады.
Оқу нәтижесінде жеке жоба немесе бизнес-идеясын сәтті қорғаған қатысушыларға «Talap» КЕАҚ-тың ресми сертификаттары табысталады.
SF Shaurma Food (SF) — Қазақстанда кеңінен танымал жылдам тамақтану желілерінің бірі. Компания білім беру мен жаңа технологияларды дамытуға бағытталған жобаларды қолдап, қоғамға пайдалы бастамаларға белсенді түрде атсалысып келеді.


0 Comments