
Қазақстан Республикасының 2025–2027 жылдарға арналған Техникалық және кәсіптік білім беруді (ТжКБ) трансформациялау жөніндегі Жол картасының 12-қадамын іске асыру аясында ТжКБ ұйымдары базасында «шағын кәсіпорындар» мен «Business Startup» студенттік орталықтарын дамыту бағыты бойынша мониторинг жүргізілуде.
Бүгінгі таңда елімізде ТжКБ-ның 50 ұйымы базасында 60 «Business Startup» студенттік орталығы жұмыс істейді. Орталықтар барлық өңірлерді қамтып, колледж студенттерінің кәсіпкерлік құзыреттерін қалыптастыруға және өз бизнес-бастамаларын іске асыруына мүмкіндік беріп отыр.
Қолданыстағы орталықтардың қызметі икемді әрі пәнаралық тәсілге негізделген. Олардың басым бөлігі студенттік стартаптарды іске қосуға, кәсіпкерлік ойлауды дамытуға, менторлық қолдау көрсетуге және гранттық байқауларға қатысуға бағытталған. Сонымен қатар IT және цифрлық технологиялар, өндіріс, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, полиграфия және өзге де бағыттар қамтылған.
Аталған бастама соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. 2023 жылдан бастап «Business Startup» орталықтарының саны тұрақты түрде артып, 2025 жылы да жаңа орталықтар ашылуда. Бұл ТжКБ жүйесінде кәсіпкерлік компонентті күшейтуге деген қызығушылықтың артқанын және бастаманың жүйелі түрде дамып келе жатқанын көрсетеді.
Алдағы 2025–2027 жылдары тағы 61 «Business Startup» орталығын ашу жоспарланып отыр. Бұл қадам Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жастарды кәсіпкерлікке тартуға, еңбек нарығына бейім білікті кадрлар даярлауға және колледж түлектерінің экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған.


0 Comments