
«Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі білім беру жүйесінің дарынды және белсенді студенттерін анықтауға бағытталған «Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студенті» республикалық конкурсының басталғанын жариялайды.
Конкурстың мақсаты — білімдерімен, кәсіби дағдыларымен және қоғамдық белсенділігімен ерекшеленген елдің 100 үздік студентінің жетістіктерін тану және насихаттау. Жоба жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға, жастардың көшбасшылық әлеуетін дамытуға және олардың кәсіби өсуіне жағдай жасауға бағытталған.
Конкурсты ұйымдастырушы — Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, ал барлық кезеңдерді үйлестіру және өткізу Операторы — «Talap» КеАҚ.
Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың білім басқармалары Конкурстың – Бірлесіп ұйымдастырушылары болып табылады әрі республикалық кезеңге қатысу үшін кандидатураларды іріктеуді қамтамасыз ете отырып, Конкурсты өңірлік деңгейде ұйымдастыру мен өткізуге жауапты.
Конкурсқа Қазақстанның барлық өңірлеріндегі колледж студенттері қатыса алады. Атап айтқанда:
– WorldSkills чемпионаттары мен кәсіби шеберлік конкурстарының жеңімпаздары мен қатысушылары;
– студенттік өзін-өзі басқару және волонтерлік қозғалыс көшбасшылары;
– инновациялық идеялар мен стартап-жобалар авторлары;
– ғылыми конференциялар, олимпиадалар және спорттық жарыстар жеңімпаздары;
– шығармашылық ұжымдардың белсенді мүшелері.
Соңғы үш жыл ішінде осы конкурс жеңімпазы атанған студенттер қайта қатыса алмайды.
Конкурс үш кезеңде өткізіледі:
1-кезең (ішкі) — колледждерде. Әр ұйым 5 кандидаттан артық ұсына алмайды.
2-кезең (өңірлік) — облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармалары 10 үздік үміткерді іріктейді.
3-кезең (республикалық) — финалдық іріктеу «TOP 100 STUDENTS» интернет-ресурсында өткізіледі.
Конкурс жеңімпаздары Қазақстан студенттерінің зияткерлік және кәсіби элитасын қалыптастыруға бағытталған республикалық бастаманың бір бөлігіне айналады.
Қосымша ақпарат колледж әкімшіліктерінде және конкурс Операторында қолжетімді.


0 Comments