2024 жылғы 15 тамызда онлайн форматта Zoom платформасында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Муханбетов Асет Гарифуллейовичтің модераторлығымен жыл сайынғы республикалық тамыз кеңесі аясында секция отырысы өтті.
Секция жұмысының мақсаты – мамандарды даярлаудың сапасы мен тиімділігін арттыруда техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың жаңа үрдістерін талдау және анықтау.
Сессия жұмысына Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, «Талап» КЕАҚ өкілдері, өңірлердің білім басқармаларының ТжКБ бөлімдерінің басшылары, ТжКБ әдістемелік кабинеттері, директорлар кеңесінің төрағалары, ТжКБ ұйымдарының басшылары, директордың орынбасарлары, педагогтер қатысты.
Республикалық секция жұмысы техникалық және кәсіптік білім берудегі заманауи үрдістер мен инновацияларды, оның ішінде ТжКБ даму стратегияларын, колледждердегі корпоративтік басқарудың бүгінгі күнгі жағдайын және білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына арналған міндеттерін талқылауға бағытталған. Инклюзивті білім берудің халықаралық тәжірибесіне, колледждер мен ЖОО бағдарламаларын интеграциялау мәселелеріне, сондай-ақ оқу процесіне «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» енгізуге басты назар аударылды.
Республикалық сессия жұмысының тақырыбы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Асет Гарифуллейович Муханбетов баяндаған кадрларды озық даярлау моделінен бастап көптеген өзекті мәселелердің мазмұнын талқылауға мүмкіндік берді. Аталған баяндамада еңбек нарығының қарқынды өзгеріп отыратын талаптары жағдайында кадрларды даярлаудың негізгі аспектілерін атап өтті.
«Talap» КЕАҚ Педагогтерді дамыту басқармасының бас тренері Сауле Айтбековна Койылыбаева колледждердегі корпоративтік басқарудың қазіргі жағдайы және болашағы жайлы ойымен бөлісті. Баяндамада білім беру мекемелерінің бәсекеге қабілеттілігін және мамандарды даярлау сапасын арттыру үшін тиімді басқарудың маңыздылығы атап өтілді.
«Сәулет, дизайн және инженерия колледжі» КМҚК директоры Камал Амиргалиевич Жамангозов кәсіптік білім беруді сапалы дамыту үшін бизнес-серіктестерді тарту тәжірибесімен бөлісті. Ол студенттерді практикалық дағдылармен және заманауи технологияларға қол жетімділікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін құзыреттілік орталығын құру және серіктестермен ынтымақтастықтың сәтті мысалдарын айтты.
«Талдықорған жоғары политехникалық колледжі» ШЖҚ МКК директоры Шыңғыс Болатұлы Нұрғожаев техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудағы жаңа үрдістер және әлемдік трендтерге бейімделу, оның ішінде білім беру сапасын арттыру үшін халықаралық салалық аккредиттеудің маңызы туралы баяндама жасады.
Инклюзивті білім берудің халықаралық тәжірибесін Webster университетінің (АҚШ) ректоры Стефани Махфуд ұсынды. Баяндамасын инклюзивті білім берудің үздік тәжірибелеріне және оларды Қазақстанда бейімдеу мүмкіндіктеріне арнады, бұл студенттердің барлық санаттары үшін оқытудың қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы департаментінің директоры Меруерт Асқарбековна Медетбекова «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» оқу процесіне енгізу процесін және де колледждердің білім беру қызметіне тәрбиелік аспектілерді ықпалдастыру қажеттігін атап өтті.
«ҚАЗБСҚА Колледжі» ЖШС директоры Ерасыл Мархатұлы Мамырбеков студенттердің қысқартылған жоғары білім беру бағдарламасына көшуіне ерекше назар аудара отырып, колледждер мен жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын интеграциялау мәселелерін атап өтті.
Педагогтердің Республикалық тамыз саммиті шеңберінде жүргізілген секциялық жұмыстың қорытындысы бойынша кадрларды даярлаудың өзекті мәселелерін талқылай отырып, қатысушылар кейінгі жұмыс үшін басым бағыттарды белгілей отырып, ұсынымдар әзірледі.
0 Comments